Четверг, 21 декабря 2023 17:05

"154 110 млн":Он ай ішінде отандастарымыз алданған қаржы мөлшері белгілі болды

Елімізде тіркелген алаяқтық жағдайының саны азайғанымен қаржы шығындардың мөлшері артуда.

Сенатор Геннадий Шиповских өзінің депутаттық сауалында статистика деректерін келтірді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, тіркелген алаяқтық саны 15%-ға азайған, ал зардап шеккендердің қаржылай шығыны, керісінше, 58%-ға артқан.

Депутаттың айтуынша, алаяқтар саннан гөрі «сапаға» әрекет етпекке көшкен. Енді алаяқтар «әр құрбаннан» барынша көп ақша өндірудің жолын іздеуде.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің статистикалық деректеріне сүйенсек: 2021 жылы республика аумағында 40 402 алаяқтық фактісі тіркеліп, одан 39 671 азамат 120 341 млн теңге көлемінде зардап шеккен. 2022 жылы 42 813 алаяқтық фактісі тіркеліп, одан 42 621 азамат 97 329 млн теңге көлемінде зардап шекті. Биыл он айдың өзінде 36 462 алаяқтық фактісі тіркеліп, одан 37 987 азамат 154 110 млн теңге көлемінде зардап шеккен, — деп атап өтті сенатор.

Депутат ел банктеріне қатысты бірқатар сын-ескертпелер айтты. Сенатордың айтуынша, бүгінгі таңда барлық банктер цифрландыруға зор қадам жасады. Десек те, алаяқтардың махинациялық операциялары бүгінгі күні сол банктердің жүйесі арқылы да өтіп жатқаны жасырын емес. Депутатты банктер өздерінің киберқауіпсіздігін неге жақсартпайды деген сұрақ толғандырады. Парламентші осыған байланысты Үкіметке бірқатар ұсыныс айтты.

Жүздеген адамның қаржысын небір құйтырқы жолдармен иеленуге басы жеткен адамның өз мүлкін өз атына жазбасы анық. Осы ретте, алаяқтың өз атында мүлкі болмаса, шығын кімнің есебінен өтеледі және оның алгоритмі қалай болмақ? Алаяқтармен күресу жолында құзырлы органдар заманауи тәсілдер мен мемлекеттік толық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, жұмыс нәтижесін жоғары көрсетуі қажет. Еліміздегі қызмет көрсетіп жүрген банктер өзінің тұтынушыларын алаяқтардан қорғау мақсатында жүйені бір қалыпқа келтіріп, кибер қауіпсіздікті жаңа дәрежеге көтеруі қажет, — деді сенатор.

Другие материалы в этой категории: БИЗНЕС СЕМЬИ АКИМА МАРЖИКПАЕВА. ЧАСТЬ 1 »