Вторник, 13 мая 2025 08:38

Абай облысында жыл басынан бері жол апатынан 11 адам көз жұмды

Бұл туралы облыстық Полиция Департаментінде хабарлады.

2025 жылдың басынан бері өңірде орын алған жол-көлік оқиғалары салдарынан 11 адам қаза тауып, тағы 411 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған.

Жалпы жол апаттарының саны азайғанымен, негізгі себеп ретінде жылдамдықты асыру, қауіпті маневрлер жасау және жолдағы жауапсыздық қала беруде.

"Қоғамымызда жүргізу мәдениеті әлі де қалыптасу үстінде. Жылдамдықты арттыру, маневр жасау ережелерін бұзу және қарапайым жауапсыздық орны толмас салдарға әкеледі. Бұл қайғылы жағдайларға бірінші болып полиция қызметкерлері куә болады", — деп атап өтті Абай облысы Полиция департаментінің ресми өкілі, полиция подполковнигі Дина Амренова.

Өз кезегінде, жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асет Утепов тек профилактикалық шаралардың жеткіліксіз екенін айтты.

"Біз күн сайын жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қызметке шығамыз. Алайда, ең белсенді шаралардың өзі көлік жүргізушілерінің әрқайсысы жолда жүрудің басты қағидаларын — жылдамдықты сақтау, зейінділік пен өзара сыйластықты түсінбейінше, нәтиже бере алмайды", — дейді Асет Утепов.

Осыған байланысты республикалық маңызы бар жол учаскелерінде, атап айтқанда:

  • "Омбы – Майқапшағай" (733–729 км, 809–814 км),
  • "Алматы – Өскемен" (902–901 км)

жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін келесі шаралар қабылданды:

  • жылдамдықты шектеу белгілері (90, 70, 50 км/сағ) орнатылды,
  • жолдың тарылуы туралы ескерту белгілері қойылды,
  • жүргізушілердің назарын аудару үшін жарық стробоскоптары орналастырылды.

Абай облысының Полиция департаменті ескертеді: жол қауіпсіздігі – ең алдымен жүргізушілердің жеке жауапкершілігіне байланысты. Камера да, рейд те саналы тәртіптің орнын баса алмайды. Жол ережесін сақтау, өзара құрмет пен ішкі тәртіп қана қайғылы жағдайлардың алдын алады.

Сурет: Абай облысы ПД баспасөз қызметі