Сұрақтар қалай құрастырылады, кейде аншлаг болып жататын бұл куиз несімен ерекше
«Химия ғылымдарының докторы А.М. Ғазалиевтің аты-жөні логика бойынша М.А. Ғазалиев болуы керек. Ғалымның аты-жөнін табыңыз және қандай логикамен тапқаныңызды түсіндіріңіз».
Ойлануға уақыт кетті.
Бұл сұрақтың жауабын ойланып болғанша, осы сияқты жүздеген сұрақ құрастырып, Қазақстанның бірнеше қаласында куиз ұйымдастырып жүрген TezTap қазақша интеллектуалдық куизі туралы баяндайық. TezTap куизі қалай басталды, қандай миссиясы бар, кейде аншлаг болып жататын бұл куиз несімен ерекше?
P.S. Жоғарыдағы куиз сұрағының жауабын мақала ішінен тауып қаласыз.
Алматы. Куиз күні
Күннің салқындығына, кешкі қарбаласқа қарамастан, аптаның әр бейсенбісінде куизсүйер қауым TezTap өтетін рестобарға жиналады. Біз де мұнда куиз басталмай тұрып, ұйымдастырушылармен сөйлесуге келдік.
Бірі қағаз, қалам, телефон салып қоятын қорапшаларды реттеп, енді бірі микрофон, музыка құрылғыларын тексеріп, ұйымдастырушылар зыр жүгіріп жүр.
«Қазір Алматыда 5-маусым ойындары болып жатыр. Біз солай маусымдарға бөлеміз. Әр маусымның чемпион тобы анықталады», — дейді Алматыдағы бас ұйымдастырушы Айнұр Косыбекова.
2021 жылы Астанадан бастау алған TezTap куизі қазір тұрақты түрде Алматы, Астана, Ақтөбе, Жезқазған және Түркістан қалаларында өтіп тұрады. Бұған дейін басқа да қалалар TezTap франшизасын алғанымен, түрлі себепке байланысты тоқтап тұр. Бірақ жақында Шымкент қаласы қайта қосылайын деп жатыр.
«Орташа есеппен әр куизге 12–20 команда қатысады. Негізгі аудитория 23 жастан бастап, 35–40 жас аралығына дейін», — дейді ұйымдастырушылардың бірі Әлия. Ол ойын басталғанға дейін әр топқа арналған құрал-жабдығын реттеп жүр. Топ атаулары жазылған тақтайшада кей командаларға «Мыңбасы», «Куиз қайраткері» деген сияқты белгі қойылған екен.
«Жалпы рейтингте ойынға келген топтардың әр сайыста алған ұпайын қосамыз. Мыңбасы — мың ұпай жинағандар. Әр ойыннан жоғары дегенде жеңімпаз команда 35–40 ұпай алатын болса, мың ұпай жинау үшін бұл топтар қанша рет куизге келгенін ойлай беріңіз», — дейді Айнұр таңданысын жасырмай.
Оның айтуынша, бұрыннан қатысатын топтарға да, жаңадан келгендерге де куиз қызықты әрі тартысты өту үшін ойынды үш лигаға бөлген: супер, жоғары, ашық лига.
«Супер лигадағылар өте мықты ойнайтындар. Шамамен ойыншылардың 30%-ы. Жоғары лигадағы қатысушылар 35% шамасында. Бірде суперге шығып, бірде жоғары лигаға түсіп, ортада жүретін топтар. Ашық лигада көбіне жаңадан келген, не сирек қатысатын командалар ойнайды», — деп түсіндірді ол.
Ойын сайын әр лиганың жеңімпаздары бөлек анықталады, бірақ маусым чемпионы бір ғана топ болады. Маусым ішінде әр топ жоғары лигаға көтерілуі не түсіп қалуы мүмкін: өз лигасында бірінші орын алған команда жоғары көтеріледі, ең соңындағысы төмен түседі.
19:30-да ойын басталды. Қатысушылар әр кезең сайын күрделене түсетін сұрақтарға жауап беруге кірісті. Оларды 2 сағаттан астам уақытқа созылатын 6 кезеңнен тұратын сұрақтар күтіп тұр.
Мұндағы сұрақтарды авторлар өзі құрастырады, Қазақстан тарихына және қазір болып жатқан соңғы оқиғаларға қатысты сұрақтар қойылады.
«Осынша ақпараттың бәрін қайдан білесің деп сұрайтындар бар. Сұрақты тек білетін нәрсемізден құрамаймыз ғой, сұрақ құрау арнайы жұмыс», — дейді тағы бір кезекті куизді өткізуге келген сұрақ авторларының бірі Ернұр Молдашев.
Алматы мен Астана қалаларында TezTap аптасына екі рет өтіп жүр: бейсенбі сайын классикалық куиз, яғни түрлі тақырып қамтылады, ал жексенбіде тақырыптық куиз (музыка, кино, футбол және ағылшын тіліндегі куиз өткен.). Молдашев әріптесі Жәнібек Әбішпен бірге аптасына 80 сұрақтай құрастырады.
Ернұр мен Жәнібек бұрынғы TezTap ойыншылары, әрі екі маусымда чемпион болған. Былтыр TezTap сұрақ құрастыратын авторлар болмауына байланысты біраз уақытқа тоқтап қалған. Сол кезде осы авторларға ұсыныс түскен.
«Негізі өзім де куиз ойнағым келген, бірақ үзіліс қашанға созылатыны белгісіз болып тұрды. Әрі автор болу өзіме де қызық болды», — дейді Молдашев.
TezTap куиізін ұйымдастырушылар мен сұрақ авторлары
Екеуінің де негізгі жұмысы ғылым саласымен байланысты, дегенмен куизге сұрақ құрастыруды жұмыспен бірге алып жүр. Молдашевтің сөзіне қарағанда, бір жыл ішінде сұрақ құрастыруға әбден машықтанған — жатса-тұрса сұраққа негіз болатын ақпарат іздеп жүреді.
«Сұрақ құрауда екі қадам бар. Бірінші — сұрақтың мәнін табу. Екінші — сұрақтың формасын құрау. Сұрақтың мәні деген кез келген факті, бірақ оны қызықты етіп беру керек. Сұрақты қызықты ететін — формасы. Сұрақтың мәнін табу тәулік бойы тоқтамайтын нәрсе. Сосын бір күні таңертеңнен кешке дейін түртіп қойған ақпаратты сұрақ ретінде құраймын», — деп түсіндірді Молдашев.
Екі автор дайындайтын сұрақтар TezTap өтетін басқа қалаларға да жіберіледі, яғни қазір Алматыда жасырылған сұраққа дәл осы уақытта Астанадағы қатысушылар да ойланып отыр.
«Тест сұрақтары бар, оларды құрастыру оңай. Медиа, кино, әнге қатысты сұрақтар болады. Оларды тегін сұрақтар деп айтамыз, — деп күледі Жәнібек Әбіш. — Ең қиыны — логикалық сұрақтарды құрастыру. Әсіресе, тоғыз сұрақтың жауабы бір тақырып аясында болуы керек кезең бар, сол қиын».
Олар сұрақ құрастыруда түрлі техниканы қолданады. Соның бірі — қазақ тілінде есімдіктер жынысқа бөлінбейтіндіктен, жауапты анықтауда қатысушыларға көмек ретінде «он/она» сөздеріне балама ретінде «Х» және «Альфа» сөздерін қолданады.
«Арыстан Мәуленұлы Ғазалиев деген химик ғалым бар. Соның аты қызық көрінді, өйткені Мәулен деген негізі жолбарыстың баласы, бірақ арыстанның баласын да солай айтып жатады, яғни сол логикамен қарасаң, ғалымның аты керісінше Мәулен Арыстанұлы болу керек қой деп ойлайсың. Алғашқы кезеңдерде “Мәулен деген не?” деген сұрақ бердік. Сосын екінші кезеңде сол сұраққа сілтеп, “А.М. Ғазалиевтің аты негізі М.А. Ғазалиев болуы керек еді. Аты-жөнін ата” деп жаздық», — деп түсіндірді Молдашев.
Бұл уақытта ойыншылар үш кезеңді аяқтап, қысқа үзіліске шықты. Ұйымдастырушының бірі Әлия үш кезеңнің қорытындысын шығаруға кірісті. Ал біз осы уақытты пайдаланып, мұнда апта сайын келуге не түрткі болатынын қатысушылардан сұрадық.
5-маусым чемпионы «Ералаш» тобының мүшесі, режиссёр Мұрат Есжан:
«Бізге атмосфера ұнайды. Бір сәт бәрін ұмытасың. Біреулер аңға шығып бәрін ұмытуы мүмкін, біреулер спорттық ойындар ойнауы мүмкін. Біздің демалысымыз, хоббиіміз осы. Кейде жауапты естігенде, саныңды соғып тамсанасың. Кейде уақыт жетпей қалады. Сонысымен қызық, сонысымен спорт сияқты — алаңдау, уайымдау деген сияқты эмоцияны бастан кешесің».
Топ құрамындағылар түрлі маман иелері, әрі көбі осында келіп танысқан.
«Мамандығымыз сан түрлі. Сол үшін де “Ералашпыз”. Ералаш деген түркінің “Аралас” сөзінен шыққан екен. Орыс тілінде бір ретсіздікті білдіреді. Сондықтан біз жеңілсек, сайқымазақ “Ералашпыз”, жеңсек “Ер Алашпыз” деген ұранымыз бар», — деді ол күліп.
«Ералаш» тобы
Алдыңғы маусымда екінші орын алған «Шалқайт» тобы:
«Үш-төрт сағатқа өзге дүниені ұмытып, басқа әлемге тап болып, өзіңнің тапқырлығыңа сүйсініп отырасың. Кейбір сұрақтар жинаған біліміңе байланысты, кей сұрақтар логиканы қосады, ал кей сұрақты мүлдем білмейсің, бірақ ғайыптан жауап келеді. Соның бәрі қызық. Осы маусымда “чемпион” болып, гештальт жабу үшін жүрміз», — дейді топ мүшесі.
Оның сөзінше, бұл топ өткен маусымда финалдық кезеңде бірінші орындағы топпен балдары тең түскен, бірақ Teztap ойынының талабы бойынша, соңғы кезеңде қай топ ұтса, сол жеңімпаз деп, жеңіліп қалған. Топ мүшелері мұндай ережемен келіспейтінін жеткізіп үлгерді.
Бүгінгі ойынға жаңадан келген «Тілімнің ұшында» тобы:
«Студентпіз. Бір топ болып дәл қазір жатақханадан келіп тұрмыз. Интеллектуалдық ойындарды жақсы көрген соң, бұрыннан келуді жоспарлап жүргенмін. Қазір ойын күшті өтіп жатыр, себебі миды қозғайтын логикалық сұрақ көп. Топтағы кей қатысушының ойы бір жерден шықпай, қате жауапты белгілегенде, өкініш, реніш болады. Бірақ ойын сонысымен қызық деп ойлаймын», — деді топ мүшесі Ернұр.
Астана. Бәрі қалай басталды?
TezTap куизі осы аттас үстел ойынынан бастау алды. Куиз бен үстел ойынының негізін қалаушы Дана Қамзабек бакалаврда химия мамандығын тәмамдап, кейін бизнес әкімшісі бойынша магистр дәрежесін алған.
«Бәрі карантин кезінде үйде отырған кезде шықты. Отбасымен ойнайтын бірнәрсе жасағым келді. Alias сияқты танымал ойындар бар, бірақ оның бәрі орыс тілінде болғандықтан, ата-анаңмен ойнай алмайсың. Сондықтан қазақша нұсқасын шығарамын деп ойладым», — дейді Дана Қамзабек.
Үстел ойынының ережесі қарапайым. Ойында карталар бар, әр картада алты сөз жазылған. Ол сөздерді бір минут ішінде түсіндіріп айту керек. Сөздері қарапайым, ішінде Қазақстан мен шетелдің танымал тұлғалары, қазіргі кезде кеңінен пайдаланып жүрген «кринж» сияқты сөздер де бар.
Дананың сөзінше, ойындағы сұрақтарды серіктесі Бекзат Кеңесова екеуі құрастырды. Ойынның балаларға арналған нұсқасы да бар, оған арналған сөздерді құрастыруға мектеп мұғалімдері қатысты.
«Мектеп мұғалімдері негізгі сөздерді бізге жазып берді. Балаларға арналған нұсқаның шыққанына бір жыл болды. Ол үш тілде. Әдейі балаларға қызық болсын, үйренсін деп жасадық. Негізінде көбіміздің проблемамыз – ойымызды жеткізе алмау, ал бұл ойында белгілі бір уақыттың ішінде ойыңды тез жеткізу керек», — дейді Дана.
Әзірге ойынның екі нұсқасы шықты, оған ақшаны өз қалтасынан жұмсады. Мемлекетпен байланыс та, ол тараптан ешқандай қолдау да болмағанын айтады, бірақ серіктес ретінде компаниялармен, мемлекеттік органдармен жұмыс істеген.
«Кейде бизнес клубтар шақырады. Олар арнайы бизнеске қатысты сұрақтарды құрастыруға тапсырыс береді», — дейді Дана.
Бірнеше жыл бұрын шыққан Teztap үстел ойынының бірінші нұсқасы 500 дана болып шыққан. Ал былтыр жарық көрген екінші нұсқаның тиражы екі мыңға жетті. Екінші нұсқа біріншісінен жаңа сөздердің болуымен ғана ерекшеленбейді.
«Екінші басылымда біз фокус топ жинап, ойынды ойнатып, тест жасаттық. Сол кезде фокус топқа қатысушылардың көбі ресейлік тұлғаларды қоспауды ұсынды, сондықтан алып тастадық. Оған қоса, шетелдік сөздерді басқаша жазуды, мысалы, Гарриді Хәрри деп жазуды сұрады. Фокус топтың пайдасы мол болды», — дейді Дана.
Ол ойын жасауда оңай тұс болмағанын жеткізеді. Басып шығару, сұрақтарды дайындау, продакшн сияқты шығармашылық жұмыс қызығырақ болса, бизнес саласында тәжірибе болмағандықтан ойынды насихаттау, тарату қиынға соқты дейді.
«Ойынның басты мақсаты — қазақша сөйлейтіндерге арналған ойын-сауық. Ойын адамдарды жақындатады, байланысты жақсартады. Мен тіл үйренсін деп шығарған жоқпын. Ондай үлкен идеологиялық мақсатым жоқ», — дейді Дана.
Кейін Дана куиз ұйымдастырмақ болды. Алғашқы куиз 2021 жылы Наурыз мейрамының қарсаңында Астанада өтті. Дана ол кезде бұл бір реттік іс-шара болады деп ойлады, бірақ бірінші куиздің үстінде тағы да өткіземіз деп шешім қабылдады.
«Алғашқы куиз той сияқты өтті. Келушілерді танымасам да, бәрінің көңіл-күйінің күшті екенін көрдім. Ұстаным ретінде бәріміз тек қазақша сөйлеуді, тек қазақша әндердің болғанын қаладым. Сол кездегі атмосфера тойдағыдай болды. Бұлай өтсе, тағы да өткізуге болады деп ойладым», — деп еске алады Дана.
Алғашқы куизге де сұраныс көп болды. Кейін қатысушылардың саны азайса да, куиз жалғасын тапты. Дананың сөзінше, бұған дейін де қазақ тіліндегі куиздер болған, бірақ олар тоқтап қалған.
«Куиз — бізсіз-ақ келетін тренд болатын еді, себебі ол кезде қалада 20-ға жуық орыс тіліндегі куиз болды және ағылшын тілінде де біреуі болды, — дейді Дана. — Орысша куиздерге барған кезде сұрақтар Ресейдегі сериалдар, солардың жергілікті контентіне, жергілікті географиясына байланысты сұрақтарды қолданады, сол жерде отырып ашынасың. Біз неге оны білуіміз керек? Сондықтан біз Қазақстанға, кейде тек Астанаға байланысты сұрақтарды қолдандық».
Дананың айтуынша, қазір Астанада үш-төрт куиз бар, нарық пайда болған. Жақында TezTap-тың жүзінші ойыны өтті.
TezTap-тың жүзінші ойыны
«Бұған дейін TezTap-ты өмірімдегі маңызды жоба деп қарастырған жоқпын. Ол үнемі хобби ретінде жүретін, бірақ сұранысты көріп бұны дамыту қажет екенін түсініп отырмын. Негізі керек немесе керек еместігін халық көрсетеді», — дейді Дана.
Куиз Астанамен ғана шектелмей, басқа қалаларға да тарай бастады. Ең алғашқы болып франшизаны алған Петропавл қаласы болды. Дананың сөзінше, ол қалада алты ойын өтіп, кейін ұйымдастырушы Астанаға көшіп кетуіне байланысты жабылып қалды. TezTap куизі он бір қалада өткен, қазір бес қалада тұрақты өтіп жүр.
«Біз үшін әр қалада ондай нарықтың пайда болғаны жақсы. Әр қалада TezTap болсын, басқасы болсын, қазақша куиздің болғаны жақсы. Мен Жезқазғанға тамсанып қараймын. Апта сайын ойнайды», — дейді Дана.
Дана куиз бойынша болашаққа жоспары жоқ екенін ашық айтады, себебі куиздің «тұрақты түрде өтуінің өзі – үлкен жетістік». Алғашқы куиз болсын, жүзінші куиз болсын, оны ұйымдастырудағы басты қиындық – орын табу.
«Рестобарлар көп ақша келгенін қалайды, яғни келген адамдар тапсырыс беруі керек. Біздікілер көбіне ішімдік ішпейді, ресторан кассаны аз жинайды. Оларға бұл тиімсіз, сондықтан талай жерден қуып шықты. Қуғанша бір жерде отырамыз», — деп күлді Дана.
Дана оларды бизнес иесі ретінде түсінетінін айтады. Қазір ойында депозит жүйесі енгізілді, яғни қатысушы міндетті түрде тапсырыс беруі керек сома көрсетіледі.
«Барлық қала жиналып, чемпионат жасасақ, әр қаланың күшті командаларын жинасақ деген үлкен жоспарым бар. Бірақ қалалардың арасына от салып, олимпиада сияқты жасағым келмейді, мен үшін бұл бірінші кезекте ойын-сауық», — дейді Дана.
Власть — это независимое медиа в Казахстане.
Поддержите журналистику, которой доверяют.
Мы верим, что справедливое общество невозможно построить без независимой журналистики и достоверной информации. Наша редакция работает над тем чтобы правда была доступна для наших читателей на фоне большой волны фейков, манипуляций и пропаганды. Поддержите Власть.
Поддержать Власть