Среда, 01 апреля 2026 20:40

"Екінші әйелімді шәкіртіме бердім". ҚМДБ Құрбанәлі Ахметке қатысты мәлімдеме жасады


Бұған дейін оған діни қызмет саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл салынған болатын.


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы соңғы уақытта қоғамда талқыланып жүрген Құрбанәлі Ахметке қатысты мәліметтерге байланысты мәлімдеме жасады.

"Құрбанәлі Ахмет Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылымында қызмет етпейді, Діни басқармамен ешқандай қызметтік немесе ресми байланысы жоқ. Осыған байланысты оның тарапынан айтылған пікірлер, жеке көзқарастар мен мәлімдемелер ҚМДБ-ның ресми ұстанымы болып табылмайтындығын хабарлаймыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дінге қатысты мәселелерде тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырады. Қоғам арасында түрлі түсінбеушілік пен жалған ақпараттың таралуына жол бермеу – баршамызға ортақ жауапкершілік", – делінген мәлімдемеде.

ҚМДБ еліміздегі діни тұрақтылықты сақтау, қоғам бірлігін нығайту және дәстүрлі құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра беретінін мәлімдеді.

Еске салайық, Құрбанәлі Ахметтің журналист Жанар Байсемізге берген сұхбаты көпшіліктің наразылығын туғызды. Бұл сұхбатта ол екінші әйелін қайын атасы "сыйлағанын" және оны бірінші әйелінің рұқсатынсыз алғанын айтқан.

"Ол қабырғам кейін менімен ұрысып қалып "болды, сенімен ажырасамын, байға тиемін" деп жынданды. "Сен ақымақсың ғой, мен саған бай тауып берейін" дедім де, жақсы шәкіртіме үйлендірдім", – деді Құрбанәлі Ахмет.

Осы сұхбаттан соң Алматы қаласы Дін істері басқармасы Құрбанәлі Ахметке қатысты шара қабылдап, оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы бойынша діни қызмет саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.


Оқи отырыңыз:

  • Діни білімі кенде дүмшелер ел ішіне іріткі салып жүр – Ермұрат Бапи
  • Оқу-ағарту министрлігі мектеп формасына діни киім элементтерін қосуға болмайтынын еске салды